Мәшһұр Жүсіптің діни көзқарастарына талдау жасаңыз  

Мәшһұр Жүсіптің діни көзқарастарына талдау жасаңыз

ХХІ ғасырда шамасы, табысқа жетуді көздемейтін, ел қатарлы ғұмыр кешуді қаламайтын, тіпті бай болғысы келмейтін пенде жоқ шығар. Қазір, біраз жұрт табысқа жету жолдарын ілім ретінде үйрететін де болды. Алайда, бұл мәселе қазақтың дүниетанымында бар ұғымдар екен. Бірде, Қазақ радиосындағы «Мен қазақпын!» бағдарламасында Мәшһүр Жүсіптің еңбектері жайлы сөз еткенбіз. Хабарымызға дінтанушы Омар Жәлелұлын шақырғанбыз. Әрине, МәшҺүр Жүсіп атамыздың барлық айтқандарын бір бағдарламаға сыйғыза алмасымыз белгілі еді. Бірақ, ғұламаның «адамның табысты, бауқатты болу жолдары» туралы айтқандарын біраз әңгіме қылдық. Сол сұхбат барысында Омар Жәлелұлы бұл мәселені ғұламаның еңбектеріне сүйене отырып былай тарқатып берді. Мен оны аудиотаспадан қағазға түсіріп, енді сіздерге ұсынып отырмын.
«Мәшһүр Жүсіп адам баласының бақытты, бақуатты ғұмыр кешуі үшін ең алдымен шүкіршілік қылуы тиіс дейді. Алдымен, адам Алла тағалаға шүкіршілік қылуы қажет. Мәшһүр Жүсіп атамыз оның да екі түрін айтады. Біріншісі, «әлһамдулиллаһ» деп тілмен айту. Ол Алла тағаланың барлық беріп жатқан нығметтеріне тілмен айтылатын шүкіршілік. Екіншісі, қолмен жасалатын шүкіршілік. Қолмен жасалған шүкіршіліктің сауабы тілмен айтылғаннан әлдеқайда көп болса керек. Бұл қиналған адамдарға көмек көрсету, садақа беру сынды әрекеттер екен. Яғни, Алла тағаланың берген байлығы, нығметтері адам бойынан, қолынан көрініп тұруы тиіс. Кем-кетік пен жоқ-жітікті тойындырып, киіндіріп, садақа берген адамдардың байлығы да арта түсетін болса керек. Бұл енді ислами үғым. Әрине, Мәшһұр Жүсіп атамыз бұл мәселелерді қазаққа ұлтымыздың өз салт-дәстүрінен алып, әдемі жеткізіп отыр.
Екінші, шүкіршілік патшаға жасалуы тиіс екен. Мәшһүр Жүсіп атамыз тіпті, ақ патшаға да шүкіршілік айтыпты. Ғұлама өзі өмір сүрген дәуірде «Әзірейіл барда жаным бар демес, ақ жалау барда малып бар деме» деген мақалдың пайда болғандығын айтады. Өйткені, ХІХ ғасырда Қоқан хандығының шапқыншылары ақ жалау көтеріп, қазақты шауып, қызын зорлап, ұлын құл қылып, малын барымталап әкетіп тұрыпты. Сондықтан, «ақ жалау барда, малым бар деме» деген мақал шығыпты. Кейіннен, орыстар Қазақ жерін тұтастай басып алып, оңтүстік өңірлерге дейін бекіністер салған соң, қоқандықтардың қоқаңдауы да тыйылса керек. Ғұламаның, ақ патшаның өзіне шүкіршілік ету керек дегені содан шықса керек. «Арабтар патшаны «сұлтан» деп айтады» дейді ғұлама. Сұлтан деген араб тілінде «ойына не келсе, соны орындайтын адам» деген мағына береді» дейді Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Ғұлама «Патша Алла тағаланың жердегі көлеңкесі» деп айтқан, Аллада көлеңке болушы ма еді? Әлбетте көлеңке болмайды. Алла тағалада мекен де жоө, көлеңке де жоқ. Бұл патшаның басқа адамдардан артықшылығын айтқаны. Меккені байтуаллаһ, яғни Алланың үйі дейді. Аллада үй болушы ма еді? Жоқ. Ол да сол мекеннің қадір-қасиетінің артықтығын меңзегені» дейді.
Мәшһүр атамыз үшінші шүкіршілікті ата-анаға қылу керек дегенді айтады. Өйткені, адам баласы ата-анасынан алғыс алса, ғұмыры ұзақ болады деген ұғым болыпты. Исламда «Ата-ананың алғысы Алланың алғысы, ата-ананың қаһары, Алланың қаһары» деген қағида бар екен. Қазақтың «алғыс түбі ақ май, қарғыс түбі қара қан» деген мақалы осыдан шыққан болса керек.
Төртінші шүкіршілік, ұстазға болуы керек екен. Мәшһүр Жүсіп ұстазға шүкіршілік адамның ғылымын арттыратынын айтады. Бесінші, күндік күнге, түнде айға шүкіршілік, Алтыншы, екі аяқтыда адамға, төрт аяқтыда атқа шүкіршілік ету керектігін де айтыпты ғұлама. Одан кейін ерге серік қылып берген әйелге шүкіршілік қылу керек екен. Ғұламаның айтуына қарағанда ер жігітке Алла әйелді нығмет қылып берген екен. Ғалым «қалай еркек қатынды болады, солай басына қалқа тұрғызылады» деп сипаттапты. Қазақ философиясындағы «бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дегенді біз түсінбей жүрсек, адам үйленгеннен соң ғана, баспана мәселесін ойлайтын болса керек. Бәлкім, бұл да Алланың хикметі шығар, бойдақ күнде жиған-тергеннің берекесі аздау болады, керісінше үйленген соң, көп адамның ісі оңға баса бастайды.
Мәшһүр Жүсіп жігіт үйленген соң ғана, үй іші дүниеге, қорасы малға толады дегенді айтады. Сонымен бірге әйелсіз дүние ләззатының, рахатының мәнісі болмайтынын айтыпты. Тіпті, «Қатындай нығмет бар ма екен?» деген өлең де жазыпты. Онда
«Сүйсе жүзі абат,
Басқа жерін айтсам ұят»-деп әйелге шүкіршілік қылуды ескертіпті. Ғұлама әйелді еркектің киіміне теңепті. Егер ол жақсы болып кездессе, онда жігітті ағайынға, туысқа, алашқа, жатқа жақсы қылып көрсетеді. Жаман болып кездессе керісінше болады. Қызықты тұжырым.
Сосын, Мәшһүр Жүсіп адам табысқа жетуі үшін үш нәрседен құтылуды өсиет етіпті. Олар –ұйқы, жалқаулық, кежірілік болса керек. Нәпсінің қалауы болып саналатын бұл нәрселер адамның табысқа жетуіне кедергі жасайтын көрінеді. Мәшһүр Жүсіп «кежірліктің тамыры желкеде болады» депті. Әрине, «кежірлік» деген «қырсықтық» дегенді білдіретіні сөзсіз. Қазақта «кедей болатын адамның желкесінде қырық қаңтаруы болады, біреуі босатса да қалғаны босатпайды» деген сөз де бар екен. Мәшһүр Жүсіп кежірліктен құтылудың жолы ретінде кім жұмсаса да, жүгіріп, орындап, елгезек болып үйрену қажет екендігін айтыпты. Ал, ұйқының тамыры адамның шынтағында болатынын айтыпты ғұлама. Адамның шынтағы жерге тисе ұйқы басады екен. Мәшһүр Жүсіп одан құтылудың жолы ретінде не ахирет қайғысын, не дүние қайғысын ойлауды ұсынады. Ал, «жалқаулықтың тамыры адамның дүмінде болады» депті. Яғни, жалқаулыққа бастайтын жол адамның май құйрығында жатса керек. Одан құтылу үшін «түк істемесең де, әрлі бері жүріп үйрену керек» депті Мәшһүр Жүсіп атамыз.
Тағы бір қызық жай, «адам бай болу үшін, қасыт қылу керек» депті. Қасыт – «ниет» деген сөз екен. Адам ниет етіп, амал жасаса, «Алла өзінің құдіретімен оны халқ қылады, яғни жарата қояды», «дүние себепсіз болмайды, сен себеп қылсаң, Алла мусабап қылады» депті МәшҺүр Жүсіп. Мусабап–себептерді іске асырып, жарата қояды дегенді білдіретін көрінеді. Біздің бабалар табысты болу жолдарын осылай түсіндіріпті».
Мәшһүрдің шығармасынан: Біздің бұл қазақта тасқа таңба басқандай анық шежіре жоқ. «Оқуға сенген – ұмытшақ» деп оқуды керек қылмаған, «жазуға сенген – жаңылшақ» деп жазуды керек қылмаған. Оқу, жазу жоқтығынан жазылған шежіре болмаған. Естігенін ұмытпайтұғын құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар ұқпа құлақ жандар болған. Сондай жандардың айтуымен кеудесі хат, естігені, көргені жат болған қариялар кейінгіге ауыздан-ауыз алып айтумен үлгі-өсиет қалдыраған.





Біздің қазақта шежірені басқа жұрттан ақтарып, тентіреп таптырып алғанын кім екенін сөйлейік.

Қазақ, қазақ болғанда бұл қазақта Қажыға әуелгі бастап барған – уақ Нұркен бай. Тоқал қатынымен барып, төрт жыл жолаушылықпен жүріп, бесінші жылда қайтып аман-есен еліне, жұртына келген. Сол Нұркеннен соң екінші Қажыға барушы – күлік Самай сопы. Баянаула дуан болып аузы ашылғанда ояз болған. Ноғай Байжан хазірет сол екеуі болған, екеуі де сол жақта өлген. Солардың кеткен жылы қой жылы еді, 1858 жыл болса керек. осы сөзді жазып отырған Мәшһұр Жүсіп дәл сол жылы туған бала, осы күнде жетпіс жаста отыр.

Бұл қазақта үшінші қажыға барушылар – тобықты Құнанбай, айдабол қишыл Қыстаубай, Ақмоладан Аққұм, Қосқопадан Шекшек қажы, Атбасардан Егізек Жанайдар, Есіл бойындағы құлан қыпшақтан Шонтыбай, Батырқожа молда балалары. Сілеті бойындағы қыпшақтан Құрман баласы Хасен қажы, мәмбет тоқадан Өзден, Сазан ұрпағы Мұхаммедсәлім қажы, Өр Алтайдан Алдажұман немересі Ешмұхаммед қажы, Ертіс бойындағы афай бөріден Құдияр қажы, Көкшетаулық атығайдан Қожахмет қажы, егізек Жанайдармен бірге барған Сұлтанқожа қажы, қишыл Қыстаубаймен бірге барған Жәмек қожа, Байзолда ишан. Бұларды қалдырмай жазып жатқаным тірі қайтып келгендерінің бірсыпырасына аузыба-ауыз сөйлесіп, мән-жайына әбден анық болғандығымды түсіндіру үшін. Орта жүзден жиырма кісі болыпты. Кіші жүзден табандаған жүз кісі болыпты. Ішінде Нұрпейіс хазірет, Досжан халифа бар дейді.

Қазақ бұдан бұрын бүйтіп бас қосып қажыға бармаған екен. Жүз жиырма кісі болып арасын айырмай, тізе қосып, қол ұстасып жүрген соң және өздері де көзге түсерлік һәр таптың қасқа-жайсаңы болғандықтан көрген таңырқарлық болыпты. Қазақ байқұстың салпиған тымағының құлағын, сүйретілген тонының етегін, аңқиған аузын көрген соң көрген қызығып, сұқтана бастайды ғой.

Ноғай өкілі мен сарт өкілі таласыпты. Ноғай өкілі: – «Бұлар мәскүптік, мен мәскүп кісісімін» деп, сарт дәлелі: – «Бұлар Бұқар тіл, мен Бұқар тіл кісісімін» деп. Меке бастығын – шәриф, Мәдине бастығын – шайқы дейді екен. Екі шәрифтің шәрифтері, шайқылары бас қосып, алдарына алдырып сұрапты: – сіздер мәскүпдіксіздер ме, Бұқар тілсіздер ме? – деп. Сонда қажыбасы Құнанбай екен. Ол кісі сөйлепті:

– Біз мәскүп-сәскүбіңді де білмейміз, Бұқар тіл-сүқардікін де білмейміз, тіріміздің билігі алдияр ұранды төреде, өліміздің билігі Алда ұранды қожада, жайылуы мал сықылды, жусауы аң сықылды бетімен өскен қазақ деген жұрт боламыз – депті. «Қазақ дегенде жұрт болады екен-ау!» деп аң-таң қалысыпты. Тарих ақтарып, шежіре қаратыпты, таба алмапты. Көпте не жоқ, бір бурыл бас сөйлепті: – «Бұл тарих табылса, Бағдат шәрифте Имам Ағзам кітапханасы деген үй бар, жау таламаған, ешқайда шашылып бытырамаған, табылса, сонан табылады» деген соң Бағдат шәрифке желмая мінгізіп, кісі жіберіпті. Бұлар өз ортасынан Кіші жүзде Досжан халфені жіберіпті.

Барған кісілер: – «Табылды, қазақ деген жұрт Әнес сақабадан өсіп-өніп, өрбіген екен» деп нұсқа көшіріп алып келіп, сонан кейін бұл жүз жиырма кісі ортасынан расхот шығарып, «Қазақ тәкиесі» деген тәкие салдырып, ол үйді Құнанбай атына жаздырып, «Мұнан былай қазақтан келген қажы осында түсетұғын болсын» деп сонан былай қазақ та ел-жұрт екендігі, пұсырман екендігі әйгіленген.

Бұлардың қажыға барған жылы баяғы жұт қояннан бұрын қаракиік жылы еді. Қишыл қажы қажыға кеткенде қатыны буаз қалып, ұл тауып, атын Мекебай қойған. Сол Мекебайы тірі. 53 жасқа аяқ басты. Баянаула, Қызылтау жып-жылтыр мұз болды. Жылқы біткен теңге шолақ сілетіге кетіп, қара мал семіз күйлі шығып май мұз атанды. Ол күнде екінің бірі, егіздің сыңары біліп, сөйлеп айтып тұрушы еді. Бұл күнде алай-дүлей, ұйқы-тұйқы аласапыран заман болып, бүтін естінің өзінде қалған жоқ. Жарым есті шала-шарпы білгенінен айырлып қалды.Құнанбай қажының қажыға барған жылы 1874 жыл. Өзінің өлгені 1885 жыл. 81 жасында тауық жылы өлді.Бұл Мекедегі Тәкие әуелі Құнанбай атына жазылған. Арғын атында болғандықтан орманшыдан барған Хасен Шайх даулап алған. Онан кейін тоқал арғыннан барған Ешмұхаммед даулап алған. Бұл күнде кіші жүз Досжан халфе атына жазылып қалыпты.

Мәшқұр Жүсіп қолжазбасынан. Ш. 1177 (ОҒК) 258-259 бб.


1313701281880071.html
1313744064484473.html
    PR.RU™